Елордалық команда Павлодарда футбол ойнайды
Облыс орталығының орталық стадионында Қазақстан Премьер-лигасының кезекті матчы өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Терең дағдарысты өткеріп, үздіктер қатарына енді қосылған астаналық «Жеңіс» Павлодарда қарағандылық «Шахтерді» қабылдайды. Себебін жазған болатынбыз – «Астана Аренадағы» жөндеу жұмыстары.
Қос қарсылас та чемпионатты сәтсіз бастады. ҚПЛ ашылу матчында «Астана» жерлес «Жеңісті» 2:0 есебімен ұтқан болатын. Астаналық дербиде «Жеңістің» павлодарлық қақпашысы Никита Калмыков Премьер-лиганың алғашқы голының соғылуына әкеп соқтырған қателік жасағанымен көзге түсті.
«Шахтер» де бірінші турда жеңіліс тапты. Шымкентте «Ордабасына» қарсы өткен кездесуде кеншілер 5:0 есебімен ойсырай ұтылды. Сарапшылар қарағандылықтарды биылғы чемпионаттың аутсайдерлері қатарына жазып қойған. Команданың құрамы мен қалтасының жұқалығы осындай ойға жетелейді. Жоғары дивизиондағы орнын ешқашан жоғалтпаған қарағандылықтар жағдайды түзетіп, ҚПЛ-дан «ұшып кетпейді» деген сенімдеміз.
«Жеңіс» пен «Шахтер» арасындағы кездесу 7 наурызда Павлодардың орталық стадионында өтеді. Басталуы 14:30-да. Кіру тегін.