Футболшылар мен жаттықтырушылар павлодарлық жанкүйерлерге үндеу тастады

«Ертіс» футбол клубының жаңартылған құрамы жұртшылыққа таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Клуб басшылығы футбол жанкүйерлеріне арнап орталық стадионда түрлі-түсті шоу, жарқын концерттік бағадарлама ұйымдастырды. Әйгілі «Көк тудың желберегенінің» авторы Ибрагим Ескендір павлодарлықтарға өзінің бірнеше әндерін тарту етті.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова биылғы маусымның ерекшелігі неде екенін еске салды. Ол облыс әкімі Асайн Байхановтың және демеушілердің қолдауымен клубтың бұрынғы қызметкерлері мен ойыншылары алдындағы қарызы толығымен өтелгенін атап өтті.
- Павлодарлықтардың талайы «Ертіске» жанкүйер болып өсті. Бұл маусым біз үшін ерекше. Өйткені, еліміздегі ең атақты клубы 60 жылдық мерейтойын тойлауда. Маусымаралық үзілісте жаттықтырушылар штабы тамаша жұмыс атқарды, команда құрамы негізінен жергілікті футбол мектебінің түлектерінен жасақталғаны қуантады. Бүгінгі таңда облыс басшысы алдымызға «Ертіс» эмблемасы үшін күресетін жаңа футбол жұлдыздарын тәрбиелеп шығару міндетін қойды, - деді Айгүл Мәлікова.
Команда капитаны Руслан Есімов өзінің және жігіттердің атынан әр кездесуде тек жеңіс үшін күресуге уәде берді.
- Маусым соңында Премьер-лигаға жолдама береміз деп сенемін. Біз тек бір нәрсені сұраймыз: әр матчта трибуналарды толтырыңыз. Бізге сіздердің қолдауларыңыз қажет, - деп өтінді Руслан Есімов.
Трибуналардың қолдауының маңыздылығын бас бапкер Қайрат Нұрдәулетов те атап өтті. Ерекше толғанысты сөзінде «Ертістің» бұрынғы ойыншысы, команда сапында екі дүркін ел чемпионы болған жаттықтырушы павлодарлық жанкүйерлерге команданың жаңа тарихын жазуды ұсынды.
- Павлодар стадионы көпшілік үшін киелі орын. Мен «Ертісте» үш тамаша маусым өткіздім. Бұл уақыт менің жүрегімде мәңгі сақталады, бірақ бұл тарих. Құрметті жанкүйерлер, команданың жаңа тарихын бірге жазайық, бірге жеңіске жетейік. Мен бұл стадионның тірі болғанын, трибуналар толы болғанын қалаймын. «Ертісті» бұрынғы орнына қайтарайық, - деп команда бапкері футбол жанкүйерлерін шақырды.
Футболшылар мен бапкерлердің үндеуі трибуналарда ұзақ жаңғырды. Соңында ойыншылар доптар мен карталарды ұсынып, қалағандардың барлығына қолтаңба берді. Павлодарлық ұл-қыздар, сондай-ақ олардың ата-аналары сүйіктілерімен суретке түсті.
9 сәуірде команда Қазақстан футболының элитасына жолдама үшін күреске кіріседі. Бұл күні Павлодар қаласының орталық стадионында «Ертіс» Павлодар облысының тағы бір клубы – «Екібастұзбен» күш сынасады. Кездесу сағат 19.00-де басталады, кіру тегін.