Елімізде АИ-95 бензинінің тапшылығы орын алмайды

Елімізде АИ-95 бензинінің тапшылығы орын алмайды
Фото: pixabay.com

Еліміздегі АИ-95 бензині алдағы бір-екі айда елдің қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов баспасөз мәслихатында мәлім етті. 

Бүгінгі таңда еліміз Ресей Федерациясымен 40 мың тонна көлемінде бензин тас ымалдаудың индикативті балансына қол қойған. Қазіргі уақытты Ресейдің энергетика министрлігіне 70 мың тоннаға индикативті балансты ұлғайту туралы хат жібердік. Бұл жалпы 110 мың тоннаны құрайтын болады, - деді ведомство басшысының орынбасары. 

Сонымен қатар ол «Петросян» компаниясының бензинді жеткізбеуі мәселесіне қатысты тоқталып өтті. 

– Келісімшарт Ресей энергетика министрлігінің өтінішімен қазан айына шегерілді. Өздеріңіз білетіндей, оларда қазір АИ-95 бензині мен дизель отынына қатысты жағдай күрделі. Әріптестерімізді түсінеміз, – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Вице-министр еліміздегі АИ-95 бензинінің ахуалына да тоқталды.

– Біздің болжап отырған қыркүйек айындағы қалған қорымыз қазанда да септігін тигізеді. Энергетика министрлігінің болжамына сәйкес, АИ-95 бензинінің тапшылығы орын алмайды. Өзімізді бұл бензинмен қамтамасыз ете аламыз. Егер АИ-95 өндіретін үш зауытты алып қарасақ, олардың жалпы өндіріс көлемі – айына 120 мың тонна. Оның 80-85 мың тоннасын тұтынамыз, – деді ол.

Дегенмен Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытында жылу алмастырғыш сынып қалуына байланысты жаңасы күтілуде. Зауыт жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 1 қазан мен 3 қараша аралығында Атырау мұнай өңдеу зауыты уақытша тоқтайды деген жоспарда бар. Бензин де, дизель отыны да шығарылмайды.