Енді шетелге жүк тасымалдайтын отандық жүргізушілерге рұқсат электрондық түрде беріледі
Қазақстандық жүк тасымалдаушыларға шет мемлекеттердің аумағы арқылы өту үшін берілетін рұқсат электронды форматта ұсынылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«2023 жылғы 1 сәуірден 2024 жылғы 15 наурызға дейін «ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттің аумағы бойынша жол жүруге рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша пилоттық жоба іске асырылсын», - делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған бұйырық жобасында.
Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде бұл қызметтің ақылы екені жазылған.
«Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде көрсетіледі. Жолаушылар мен жүктерді халықаралық қатынаста тасымалдауды жүзеге асыратын отандық автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағынан шығуы үшін алым «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодексінде белгіленген алым мөлшерлемесі бойынша республикалық бюджетке төленеді және алым төленген күнге қолданыстағы 1 АЕК-ті (3 450 теңге) құрайды. Алым сомасын төлеу портал арқылы жүзеге асырылады», - деп түсіндірме берілген бұйырыққа.
Қытайға бару үшін берілетін «С» нұсқасындағы электрондық рұқсаттар мына кедендік пункттерде іске асырылады:
1) Достық-авто (Жетісу облысы);
2) Нұр Жолы (Жетісу облысы);
3) Көлжат (Алматы облысы);
4) Бақты (Абай облысы);
5) Майқапшағай (Шығыс Қазақстан облысы).
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-Министр жаупты ведомсволарға Қытайдан жүк тасымалдаудағы кедергілерді жедел жоюды тапсырған болатын.