«ERG Service» қызметкерлері сапборд арқылы Усолка жағалауын тазартты

«ERG Service» қызметкерлері сапборд арқылы Усолка жағалауын тазартты

Олар табиғатпен үйлесіп, эко-тимбилдинг барысында өз үлестерін қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Компанияның қырықтан астам қызметкері отбасыларымен бірге «Экологиялық челлендж» атты эко-тимбилдингке қатысып, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен экологиялық сана-сезімді нығайтуды мақсат тұтты. Бұл шара бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы іс-шара Дүниежүзілік қоршаған орта күніне орай ұйымдастырылды.

– Біз таза табиғатта өмір сүргіміз келеді, сондықтан өзгелердің қалдырған қоқысын да жинап, шығарып отырамыз. «ERG Service» ЖШС әрдайым табиғатты қорғау ұранымен жұмыс істейді. Біз әкімдік пен экология департаменті ұйымдастыратын сенбіліктер сияқты барлық экологиялық шараларға қатысамыз. Қызметкерлеріміз тазалықты сақтау принципін ұстанады, – деді компанияның эколог-инженері Жанылдық Жілкібаева.

Сенбі күні таңертең Усолка жағалауын тазалауға түрлі мамандық иелері жиналды. Олар демалыс күнін тиімді өткізіп, төрт командаға бөлініп, логикалық тапсырмаларды орындап, сап тақталарымен өзенді кесіп өтіп, қоқыс жинады. Әр команданың алты қатысушысы 15 минут ішінде жағалауды тазалап, жиналған қоқысты жағалауға дейін жеткізуі керек болды. Компанияның персонал және мәдениет жөніндегі директоры Валерия Евсеева әріптестерінің табиғат аясында уақытты пайдалы әрі жағымды өткізгенін атап өтті.

– Біз бұл жерге ұжымымыздың белсенділігі арқасында келдік. Еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бөлімі бәрімізді бір команда ретінде біріктірді. Қаламыздың шағын болса да бір бөлігін тазарттық. Біз тек зауыт ішінде ғана емес, ашық аспан астында да бір команда екенімізді ұмытпауымыз керек, – деді Валерия. – Өкінішке орай, көптеген адамдар табиғат аясында демалып болғаннан кейін арттарынан қоқыс жинамайды. Табиғатты қорғауымыз керек, оны бағалай білуіміз қажет.

Валерия жүзуді білмейді. Ол қорқынышынан аттап өтіп, алғаш рет сапбордқа тұрып, өзінің үлесін қосуға бел буды.

– ​Суға құлап кетемін деген үрей болды, алайда оны еңсере білдім. Осындай жарыстар шабыттандырады, жігерлендіреді, әсіресе бәсекеге қабілетті рухты қалыптастырады. Сондықтан да керемет сезімдер алдым, – деп атап өтті Валерия Евсеева.

Эко-тимбилдинг аясында барлық жағдай қарастырылды– дәмді тағам мен тәттілерге толы фуршет, балаларға арналған шеберлік сағаттар, ересектерге арналған интерактив ойындары. Сапбордтан түскен қатысушылар жағалауда болып жатқан жарыстарда өздерін сынап көруге әлек болды.

Іс-шараны қолдауға машина жасау зауытының құю-механикалық цехының қызметкері Ксения Кунафина күйеуі Роман және екі қызымен бірге келді. Олар сапбордта жүзумен қатар, құстарға арналған ұялар жасап, микрожасыл шөптер отырғызды.

– Табиғат бізді осындай керемет шарада біріктірді. Балалар шоппер сөмкелерін бояса, біз дженга ойнадық. Мұндай тимбилдинг өте қажет. Бұл балаларды тазалыққа баулиды, өз үлгімізбен табиғатты қорғап, оны аялау керек екенін көрсетеміз, – деді Ксения Кунафина.

Ксения кәсіпорынға жарты жыл бұрын орналасса да, түрлі іс-шаралардан қалмауға тырысады.  

– ​Бұл біздің алғашқы отбасылық тимбилдинг деп айтуға болады. 8 наурыз, 1 маусымда болған мерекелерден алған әсерлеріміз әлі күнге дейін есімізде. Болашақта да басқа шараларға міндетті түрде қатысамын, – деді ол.

Айта кетейік, Валерия мен Ксения қатысқан «Эко-апельсиндер» командасы су мен құрлықтағы сайыстарда бірінші орынды жеңіп алып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынды «Лесная братва» командасы, үшінші орынды «Эко-шашлыки» иеленді, ал төртінші орынды «Неудержимые» командасы иеленді.

Бірақ сыйлықсыз ешкім қалған жоқ. Тимбилдинг соңында әрбір қатысушы пайдалы өткен күннің құрметіне естелік монета соғып алды.

Жарнамалық материал