Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы қарқынды жүргізілуде

Құрылысқа 200 жұмысшы мен алпысқа жуық техника жұмылдырылған, заманауи технологиялар қолданылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми арнасының мәліметінше, Павлодар облысында республикалық маңызы бар «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автожолының 1381 шақырымында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылыс жұмыстары басталды.
Жоба бойынша көпір төрт жолақты болып, әр бағытта екі жолақтан құралған қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етіледі. Көпірдің жалпы ұзындығы 691 метрге жетеді.
Қазіргі таңда құрылысқа 200 жұмысшы мен 57 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыста заманауи технологиялар қолданылуда.
Еске сала кетейік, жаңа төртжолақты көпір ескі апатты көпірдің қасына салынып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырады және көлік өткізу қабілетін жақсартады. Құрылысты отандық мердігер ұйым жүргізуде. Көпір ескі көпірден 5 метр биіктікте болады, бұл кемелердің өтуін жеңілдетеді және заманауи бақылау жүйесін қамтиды.