Ертіс өзенінің үстінде салынып жатқан көпірдегі соңғы өрттің себебі анықталды
Оқиға кезінде жоспарлы жұмыстар жүргізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысында болған оқыс оқиға туралы «Казахдорстрой» ЖШС Павлодар қаласындағы филиалының директоры Нұрмұхамет Бесембаев мәлімдеді.
№4 тіректе жергілікті өрт 21 сәуір күні болған.
– Оқиға кезінде жоспарлы түрде бетон құюға дайындық жұмыстары жүргізілді, оның ішінде қалыпты (опалубка) монтаждау, арматуралық қаңқаны орнату және дәнекерлеу жұмыстары атқарылды, – деді Нұрмұхамет Бесембаев. – Сағат 20:25-те дәнекерлеу кезінде шыққан ұшқындар ағаш қалып элементтеріне түсіп, салдарынан өрт шықты.
Зақымдану ағаш қалыптың жекелеген элементтері мен уақытша қосалқы құрылымдарына әсер еткен. №4 тіректің темірбетонды көтергіш конструкциялары ақау алған жоқ. Жалын көпірдің негізгі құрылымдық элементтеріне әсер етпеген.
Нұрмұхамет Бесембаевтың айтуынша, «Казахдорстрой» ЖШС бұл оқиғаны өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау тұрғысынан қосымша талдауды қажет ететін жағдай ретінде қарастыруда. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға дәнекерлеу жұмыстарының технологиялық процесімен байланысты. Қазір жан-жақты тексеріс жүргізілуде.
Құрылымдардың техникалық жағдайын қосымша бағалау үшін тәуелсіз сарапшылар комиссиясы тартылады. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі саласында маманданған ұйымды шақырып, бақылауды күшейту бойынша қосымша шаралар әзірлеу жоспарланып отыр.
Қосымша қаржыландыру немесе жоба құнын қайта қарау қажет емес, барлық зақымданған элементтерді мердігер ұйым қалпына келтіреді.
Нысан құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде.
– Жобаны аяқтау мерзімі – 2027 жылдың қараша айы – өзгеріссіз қалады. Компания дәнекерлеу сияқты отты жұмыстарды жүргізу кезінде бақылауды күшейту және өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша қосымша шаралар қабылдауда, – деп атап өтті филиал басшысы.
Еске сала кетейік, бұл салынып жатқан көпірдегі үшінші өрт. Алғашқы екеуі 31 қаңтар мен 1 ақпанда болған. 21 сәуірде өрт сөндірушілер 160 шаршы метр аумақтағы жалынды жедел түрде оқшаулап, қысқа уақыт ішінде сөндірді. Кейін өрт кезінде ер адамның зардап шеккені белгілі болды. Ол орташа дәрежедегі көмірқышқыл газымен улану диагнозымен №1 қалалық аурухананың терапия бөліміне жатқызылды.