Ертіс ауданында қыздар жүн иіріп, тоқыма тоқып сынға түсті
Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу қарсаңында №2 Ертіс мектебінде «Ана - өмір шуағы» атты аудандық байқау өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, байқауға «Аққу» клубының мүшелері мен бастауыш сынып оқушылары қатысты.
- Тапсырмалар сәлемдесуден, жүн иіруден, шығармашылық нөмірден, үй тапсырмасынан құрылды. Үй тапсырмасы қолдан жасалған бұйымдарды әкелу және орындау техникасы, ою-өрнектердің мәні туралы айту болды. Тапсырмаларды орындау үшін қатысушыларға аналары мен әжелері көмектесті, - деді басқармада.
Әр қатысушы тапсырманы орындау барысында өз шеберліктерін, биді, әнді және мәнерлеп оқуды орындаудағы өнерлерін көрсетті.
- Байқаудың басты мақсаты рухани-адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеу, ұлттық мәдениет пен қолөнерді жаңғырту болды, - деді басқармада.
Байқау соңында қатысушылар грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.