Ертіс ауданында екі ауыл арасын қосатын жолдың мәселесі шешіледі

Ертіс ауданында екі ауыл арасын қосатын жолдың мәселесі шешіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ұзындығы 42 шақырымдық жолда асфальт жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Әлеуметтік желіде Қызылқақ аулының тұрғындары жолдың жағдайына дабыл қағуда.

– Біз, Қоскөл ауылдық округінің Қызылқак ауылының тұрғындары күн сайын жағдайы нашар жолдармен жүруге мәжбүрміз. Бұл жай ғана қолайсыздық емес, қауіп төндіретін жағдай. Біз проблемаға назар аударуды және жолдарды жөндеу бойынша шаралар қабылдауды сұраймыз, – деп жазды хабарламада ауыл тұрғындары. 

Шағымда Голубовка мен Қызылқақ ауылдарын қосатын 42 шақырымдық асфальт жабыны жоқ жол туралы айтылады. Ертіс ауданының әкімдігі мәселеге қатысты түсінік берді. 

– 2021-2022 жылдары аудандық маңызы бар Голубовка-Қызылқақ автожолының 16,8 шақырымында қиыршық тас төсемінің орташа жөндеуі жасалды. Ағымдағы жылы ұзындығы 19,4 километр автожол учаскесін орташа жөндеуге, атап айтқанда, қиыршық тасты асфальт төсемге ауыстыру жұмыстарын жасау үшін техникалық құжаттама әзірленді, – деді әкімдікте. 

Биыл күзде Қызылқақ ауылындағы кентішілік жолдарға грейдинг жасалады. Ал келесі жылы 19,4 шақырым жолға асфальт төселеді. ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өтті. Бюджеттік өтінім берілді. 

Еске сала кетейік, Ертіс ауданында жалпы жолдың ұзындығы 830 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар және елді мекендер көшелерінің жолдары бар. 2025 жылға қарай тұрғын үй-шаруашылық бөлімі Ленин, Ынтымақ, Үлгілі және Қызылағаш ауылдарына кіреберіс жол салуға уәде берген болатын.