Екібастұздағы сорғы станциясының жаңартылуы электр қуатын үнемдеуге жол ашты

Екібастұздағы сорғы станциясының жаңартылуы электр қуатын үнемдеуге жол ашты
Фото: Сания Уваисова

Жоба жыл сайын электр энергиясына кететін шығындарды 50 миллион теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір әкімі Асайын Байханов кеншілер қаласына жұмыс сапары барысында жаңартылған №2 сорғы станциясының жұмысымен танысты.

1965 жылы пайдалануға берілген нысанның негізгі жабдықтары ескіріп, 2024 жылы толық қайта құру жұмыстары басталып, сол жылдың соңында аяқталды. Жоба аясында технологиялық жабдықтар толығымен ауыстырылды. Сонымен қатар, технологиялық жабдықтардың жұмыс режимін бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандыру жүйесі орнатылды.

– Жобаның жалпы құны 2,4 миллиард теңгені құрады. «Инженерные сети» ЖШС мердігерлік ұйымы 52 дана жапқыш арматураны, 5 сорғы агрегатын және 2 трансформаторды жаңасына алмастырды. Қайта жаңартылған станцияның өнімділігі тәулігіне 54 248 текше метр суды құрайды, – делінген ресми құжатта.  

Жаңарту барысында қуаты 800 кВт болатын 4 ескі сорғының орнына қуаты 355 кВт болатын 5 жаңа сорғы орнатылып, бұл электр энергиясын тұтынуды 20%-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, нысан найзағайдан қорғау, өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталды.

– Қайта құру су берудің сенімділігін арттыруға, әсіресе қыс мезгілінде сорғы агрегаттарының апаттық тоқтап қалу қаупін төмендетуге және сумен жабдықтау жүйесінде гидравликалық соққыларды азайтуға мүмкіндік берді. Жаңарту автоматтандырылған басқару жүйесін де жақсартты. Енді түнгі уақытта жүктеме автоматты түрде азайтылады, бұрын сорғылар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін, – деді «Горводоканал» МКК директорының міндетін атқарушы Ләззат Бекбергенова.

Қазіргі уақытта №1 сорғы станциясын қайта жаңарту жобасы да әзірленуде.