Ертіс ауданының мектеп оқушысы кулер мен пластиктен жел генераторын құрастырды
Қондырғы шағын шамды қуаттау, шатырды жарықтандыру, тіпті, шағын радиоқабылдағышты іске қоса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz ілшісі.
Жобаның авторы – Ертіс ауданы Ұзынсу орта мектебінің 9-сынып оқушысы Мақсат Мұқышев. Жеткіншек жасыл технологияларға қызығып, өз жел генераторын құруды мақсат еткен.
Жоба жетекшісі Нина Литвинованың айтуынша, идеяны жүзеге асырмас бұрын Мақсат жасыл технологиялардың артықшылықтарын мұқият зерттеген. Ол 5–8-сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізіп, олардың баламалы энергия көздері туралы пікірін білген. Кейін тұрмыстық мақсатта қолдануға, шағын құрылғыларды қуаттандыратын немесе жарық беретін жел генераторын жинаған.
Модельдің өзі өте қарапайым.
– Қондырғының жұмысын көрсету үшін қарапайым желдеткіш қолданылады. Ол ауа ағынын жасап, қалақшаларды айналдырады. Бұл тәсіл жобаны түсінікті әрі көрнекі етеді. Оқушы қолжетімді бөлшектерден тұрмыстық қажеттілікке жел энергиясын электрге айналдыратын құрылғы жасауға болатынын көрсетеді, – дейді Нина Литвинова.

Генератор ретінде кәдімгі компьютер кулері пайдаланылған. Оған сымдар жалғанып, қалақшалар желмен қозғалғанда генераторға айналу қозғалысын береді. Нәтижені көру үшін вольтметр қойылады, ал көрнекілік үшін жарықдиод жалғанады. Энергия пайда болғанда, жарық жанады. Токтың тұрақтылығы үшін диодты көпір қосылады. Барлық құрылым полипропилен түтіктерінен жасалған жеңіл қаңқаға орнатылған.

Құрастыру үшін қарапайым құралдар қажет болды. Яғни бұрғы, бұрағыш, қысқыш, ара және бірнеше ұсақ жабдықтар.
Алдымен Мақсат компьютер кулерін алып, бөлшектеп шықты. Генератор ретінде жұмыс істеуі үшін ротордың орамасын қайта орап, сымдарды катушкаларға тікелей жалғады. Содан кейін кулердің жұмысын реттейтін төрт шығысы бар Холл датчигін алып тастады. Осыдан кейін құрылғы көбірек энергия бере бастады да, нағыз шағын генераторға айналды.
Кейін оқушы тәжірибе жүргізді. Төмен жылдамдықты жел генераторы үшін ең қолайлы материал пластик болып шықты: ол жеңіл, ылғалдан қорықпайды және ағаш сияқты деформацияланбайды. Құрылымның негізі полипропилен түтіктерден жиналды, ал генератордың қарсы жағына флюгер ретінде компакт-диск бекітті.
Сынақтар қондырғының қауіпсіз екенін және тұрмыста қолдануға болатынын көрсетті. Электрлік сипаттамаларды мультиметрмен өлшегенде ток күші – 0,225 мА, кернеу 1,5 В болды. Құрастыруға тек қалдық материалдар пайдаланылды. Мәселен, ескі кулер, сым қалдықтары, түтіктер, бүлінген диск, бөтелке қақпағы. Ешқандай шығын келтірілмеді.
Оқушының ерекше жетістігі – ProEco экологиялық байқауындағы жеңіс. Мобильді жел генераторы жобасы инновациялығы, практикалығы және экологиялық ойлауды дамытуға қосқан үлесі үшін қазылар алқасының жоғары бағасын алды.