Павлодарда кәмелетке толмағандардың түнгі жүрісіне бақылау күшейтілді
Жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ата-аналарға баласының кімдермен араласатынына қызығушылық танытып, достарының байланыс нөмірлерін білуге, бос уақытын бақылауға және қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін алдын ала түсіндіруге кеңес береді.
Кәмелетке толмағандардың кешкі және түнгі уақытта көшеде жүруіне ерекше назар аудару қажет. Заңды өкілдер балаларының өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты. Баланы бақылаусыз қалдыру ата-анасының қосымша тәуекелдерге ұшырауына әкелуі мүмкін.
– Балаңыздың қайда және кіммен жүргенін білу, онымен сенімді қарым-қатынасты сақтау және ықтимал қауіптерге дер кезінде әрекет ету қажет. Кәмелетке толмаған баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда дереу полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласу керек. Полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастыруда, – делінген хабарламада.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүруіне қатысты 1987 фактінің жолын кесті. Сонымен қатар, балалардың ата-аналарынсыз сағат 22:00-ден кейін болуына жол берген 43 ойын-сауық орнының иесі жауапкершілікке тартылды.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі мәселесіне немқұрайлы қарамауға шақырады. Отбасы, білім беру ұйымдары, кәсіпкерлік субъектілері өкілдері мен құқық қорғау органдарының бірлескен жауапкершілігі құқық бұзушылықтардың алдын алуға және кәмелетке толмағандардың қауіпсіз демалуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.