Павлодар облысында республикалық маңызы бар автожолдар жабылды
Оған ауа райының қолайсыздығы себеп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның мәлімдеуінше, 23 ақпан сағат 09:40-та ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда көліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.
- «ҚХР шекарасы — Майқапшағай — Зайсан — Қалбатау — Семей — Павлодар — РФ шекарасы» автожолының 525-587 шақырым аралығында жол жабылды. Яғни, Аққулы ауылынан Абай облысының шекарасына дейінгі жолда барлық автокөлік түрі үшін шектеу қойылды, - делінген хабарламада.
Жолды 23 ақпан сағат 18:00-де ашу жоспарланған.
Мамандар өңір тұрғындарына алыс жолға шықпас бұрын 1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы қосымша ақпарат алуға болатынын ескертеді.