«Ертіс орманы» флорасы жаңа өсімдік түрімен толықты
Алғаш рет резерват аумағынан табылған өсімдіктің бұл түрі — дәрілік сабыншөп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағылар мәлімдеді.
— Резерват аумағында жүргізілген далалық зерттеулер барысында алғаш рет дәрілік сабыншөп (Saponaria officinalis L) тіркелді. Бұл – Қалампырлар тұқымдасына (Caryophyllaceae) жататын көпжылдық шөптесін өсімдік, - дейді резерваттың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Арман Жүнісов.
Аталған өсімдік тамырындағы сапониндердің мол болуымен ерекшеленеді. Осы қасиетінің арқасында ол ерте заманнан бері дәрілік әрі техникалық мақсатта пайдаланылып келеді. Табиғи жағдайда дәрілік сабыншөп жақсы жарық түсетін, ылғалы орташа топырақты жерлерді ұнатады. Ол шалғындарда, орман жиектерінде, су айдындарының жағалауында және жол бойларында өседі.
Дәрілік сабыншөптің резерват аумағынан анықталуы ғылыми тұрғыдан маңызды жаңалық болып табылады. Әрі «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының флоралық алуантүрлілігі туралы мәліметтерді толықтыра түсуге мүмкіндік береді. Бұл жаңа олжа резерваттағы жоғары сатыдағы өсімдіктер тізімін кеңейтіп, флоралық зерттеулер мен табиғи экожүйелерге тұрақты мониторинг жүргізудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындайды.
– Saponaria officinalis L өсімдігі еліміздің барлық өңірінде бар. Оның биіктігі 30 — 60 см, тамыры жуан болып келеді. Ірі, ақ, кейде алқызыл түсті гүлдері сыпыртқы не шоқпарбас гүлшоғырына топталған. Тостағанша және күлте жапырақшалары бес-бестен, аталықтары 5, кейде 10 болады. Аналығы 2 не 5, жеміс жапырақшаларынан құралған. Гүлдері жәндіктермен тозаңданады. Маусым — қыркүйек айларында гүлдеп, жеміс салады. Сабыншөп — улы өсімдік. Сондықтан оны мал жемейді, - дейді Арман Жүнісов.
Еске сала кетейік, бұған дейін резерват аумағынан түтінді жапырақты лептопирум табылды. Ол – сарғалдақтар тұқымдасына жатады және Қазақстан флорасындағы сирек кездесетін түрлердің бірі саналады. Әдетте бұл өсімдік Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның таулы өңірлерінде – Алтай, Сауыр, Тарбағатай және Жоңғар Алатауында өседі.