«Ертіс орманы» резерватында екі бақылау-өткізу пункті ашылады
Күзден бастап резерват аумағына кіру ақылы болады, ал төлемді QR-код арқылы жасауға мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Резерват әкімшілігінің мәліметінше, №1 бақылау-өткізу пункті Садықашы ауылы бағытындағы жолда және №1 «Ғабдул Уахит Хазрет» туристік маршрутының бойында орналасады. №2 пункт Баур-тал орманшылығында, Жаңаауыл ауылы маңында орнатылады.
Резерват аумағына кіру ақылы негізде жүзеге асырылады. Төлем Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасына сәйкес алынады.
– Келушілерге ыңғайлы болу үшін QR-код арқылы қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған. Төлем жасалғанын растайтын құжатты бақылау-өткізу пунктінде көрсету қажет. Ал резерват шекарасында орналасқан елді мекендердің тұрғындарынан ақы алынбайды. Ол үшін тұрғылықты жерін растайтын құжат көрсету керек, – делінген хабарламада.
Жиналған қаражат табиғи кешендер мен нысандарды қорғауға, күтіп ұстауға және қалпына келтіруге, табиғатты қорғау іс-шараларын өткізуге, экологиялық туризмді дамытуға және келушілердің демалуына жағдай жасауға бағытталады.
Резерват әкімшілігі келушілерді өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, қоқыс қалдырмауға, арнайы белгіленбеген жерде от жақпауға және өсімдіктерге зиян келтірмеуге шақырды.