«Ертіс орманы» резерватында екі орман санитары фототұзаққа түсті

«Ертіс орманы» резерватында екі орман санитары фототұзаққа түсті
Фото: pexels.com/Leo Sam

Алғашқы қар жауғаннан кейін борсықтарды жер бетінен кездестіре алмаймыз, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Фототұзаққа орманның ең жасырын тұрғындарының бірі — борсық түсті.

– Борсық — орманның нағыз санитары. Ол жәндіктермен, ұсақ кеміргіштермен және өлексемен қоректеніп, экожүйедегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады. Әдетте борсықтар түнде ғана қозғалып, күндіз індерінде болады. Сол себепті оларды көзбен көру — өте сирек кездесетін жағдай, – деді резерватта.

Борсық (лат. Meles)– сусарлар тұқымдасына жататын жыртқыш сүтқоректі аң. Дене тұрқы 60-90 см, салмағы 8-16 келіге дейін жетеді. Борсықтардың түсі ақшыл-сұрдан қара-қоңырға дейін өзгеріп отырады. Жүні қылшықты, салалы, сирек. Тұмсығынан желкесіне дейін созылған қара жолағы бар. Бауыры, төбесі, табандары қара, аяқтарында сәл иілген, ұзын тырнақтары болады. Інде тіршілік еткендіктен, маусымдық көшуі байқалмайды. Борсықтар ормандардағы құмды таулардың, жартастардың беткейлерінде қазған терең шұңқырларда өмір сүреді. 

Фототұзақтың арқасында орман тіршілігі тағы бір құпиясын ашты. Табиғаттың осындай ерекше сәттері оны қорғауға деген жауапкершілікті арттыра түседі.