«Ертіс» ойыншысы ҚПЛ-2026 үздік дриблинг шеберлерінің ТОП-10 тізіміне енді

«Ертіс» ойыншысы ҚПЛ-2026 үздік дриблинг шеберлерінің ТОП-10 тізіміне енді
Фото: «Ертіс» ФК

Ол рейтингте алтыншы орынға жайғасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық «Ертіс» командасының жартылай қорғаушысы Жан-Морель По Қазақстан чемпионатындағы допты алдап алып жүру тиімділігі бойынша үздік он футболшының қатарына енді. Рейтингті Vesti.kz басылымы жариялады.

Футболшының еншісінде 82 әрекеттің 52-сі сәтті аяқталған дриблинг бар. Оның тиімділігі – 63,4 пайыз. Орта есеппен Жан-Морель По әрбір 34 минут ойын уақытында қарсыласын жеке-дара алдап өтетін болған.

Рейтингте ол алтыншы орынға тұрақтап, чемпионаттың бірқатар танымал ойыншыларынан озып кетті. Сонымен қатар сәтті дриблингтердің пайыздық көрсеткіші бойынша «Ертіс» өкілі тізімдегі ең тиімді футболшылардың бірі атанды.

Рейтинг көшін «Ұлытау» командасының ганалық вингері Давид Анане бастады. Ол 162 әрекеттің 96-сын сәтті орындап, орта есеппен әрбір 23,8 минут сайын қарсыласынан айласын асырған. Екінші орынға «Қайсар» ойыншысы Нұрали Жақсылық жайғасса, үздік үштікті «Каспий» сапындағы тағы бір африкалық футболшы Ноа Ндомбаси түйіндеді.

Рейтингті жасау барысында маусым ішінде кемінде 40 сәтті дриблинг жасаған футболшылар ғана есепке алынған.