Ертiс ауданында балалар ақынының туған күні аталып өтті

Ертiс ауданында балалар ақынының туған күні аталып өтті
Фото: Ертіс ауданының білім бөлімінен

Іс-шараға бастауыш сыныптардың 50-ден астам оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

№2 орта мектепте Мүбәрак Жаманбалиновтың туған күніне арналған «Балалар әдебиетінің бір бәйтерегі» атты оқулар өтті. Белгілі қазақ балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мүбәрак Жаманбалинов аудандық «Қызыл ту» газетінде журналист болып та еңбек еткен.

Қазылар алқасының құрамына ақынның ұлы Талап, сондай-ақ немерелері Кәмшат және Алмагүл Жаманбалинова кірді. Олар қатысушылардың өлеңді мәнерлеп оқуы, жаттаған шығармаларының саны мен дикциясын бағалады.

– Оқулардың мақсаты – балаларды ұлттық әдебиетпен таныстыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және жерлес ақынымыздың әдеби мұрасын еске салу, – дейді ұйымдастырушылар.

Балалар ақынның өлеңдерін жатқа көркем оқып қана қоймай, оның шығармалары бойынша шағын сахналық қойылымдар да дайындады.

Жүлделі орын алған қатысушыларға ақынның ұрпақтары тарапынан грамоталар, ақшалай сыйлықтар және естелік сыйлықтар табысталды.

Еске сала кетейік, өткен жылы Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдығына орай «Алтын қақпа» интеллектуалдық-танымдық ойыны ұйымдастырылған еді. Аудандағы барлық білім беру мекемелерінде ақынның туыстарымен кездесулер, мәнерлеп оқудан сайыстар, эссе, викториналар мен үздік ғылыми жоба байқаулары өткізілді.