«Ertis» баскетболшылары жылды аяқтады

«Ertis» баскетболшылары жылды аяқтады
Фото: Ольга Бугаева

Нәтижелері әзірше көңіл көншітерлік емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Күні кеше павлодарлықтар «Aqtobe» командасын қабылдап, 87:71 есебімен жол берген еді. Екінші кездесуді алаң қожайындары жақсы бастады. Алайда қарсыластар деңгейінің жоғарылығы бірден көрінді.  

Ойынның екінші және, әсіресе, үшінші кезеңі павлодарлықтар үшін сәтсіз болды. Қонақтар ойын тізгінін қолға алып, «Ertis» баскетболшыларына дес бермеді. Матчтың соңғы кезеңі алдында «Aqtobe» есептегі жиырма ұпайлық басымдықпен алға шықты. Ойын тағдыры шешілді десек қателеспейміз. Ақыры кездесуде 104:76 есебімен ақтөбеліктер жеңді.

- Бүгін және кеше ауыр ойындар болды, қарсыласқа ірі есеппен ұтылдық, - деді матчтан кейін «Ertis» бапкері Артем Куренной. – Қорғаныста да білетін ойнымызды көрсете алмадық. Еркектер жас балаларды жерге қаратқандай болды. Олар барлық жерден асып түсті. Мұның неліктен орын алғанына әлі талай бас қатыратын боламыз.

Бұл павлодарлықтардың 2023 жылғы Ұлттық лига аясындағы соңғы кездесуі. Келесі ойынды «Ertis» 2024 жылдың қаңтарында Қостанайда «Тобылға» қарсы өткізеді. Әзірше командамыз соңғы орында келеді.