Ертіс ауданында Мүбәрак Жаманбалиновқа арналған кабинет ашылды

Ертіс ауданында Мүбәрак Жаманбалиновқа арналған кабинет ашылды
Фото: Ертіс аудандық білім беру бөлімі

Кабинет «Балалар әдебиетінің бір бәйтерегі» аталады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, республикаға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жазушылар Одағының мүшесі, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдығы аясында № 2 Ертіс орта мектебінде ақынның құрметіне  арналған кабинет ашылды.   

Іс-шараға оқушылар мен мұғалімдер және  ардагер ұстаз Нұрболат Ауталипов,  Ертіс ауданының қаламгер ақыны  Самат Маненов,  ардагерлер кеңесінің мүшесі Қадиша Жарасова, ақынның ұлы Талап Жаманбалинов, білім беру бөлімінің басшысы Мая Багиенова қатысты.

Кабинетінің ашылу лентасын кесу рәсімі  Талап Жаманбалинов және бірнеше жыл мектепті басқарған, ардагер ұстаз, «Мүбәрактану» оқу құралының жариялануына үлес қосқан Нұрболат Ауталипов табысталды.  

– Мүбәрак Жаманбалинов бар ғұмырын ұлтымыздың болашағы балалар әлеміне арнап, ішкі толғанысын өлең-сөзбен көркемдеп, бірталай шығармаларды дүниеге әкелген, туған жеріміз Ертіс өңірінің бұрынғысы мен бүгінгісін талмай зерттеп, өз шығармаларына арқау еткен, – дейді Ертіс ауданының білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Сұлтанова.

Оқырмандар заманауи ақпарат құралдарында көрсетілген QR-код арқылы ақынның 15 кітабымен таныса алады.  Сонымен қатар ақын шығармалары оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты жинақталып, топтастырылған, 1-4-сыныптарға арналған кешенді авторлық бағдарламалары да ұсынылған.  

Стенд Мүбәрак Кәрімұлының соңғы қырық жылдан астам өмірі Ертіс ауданымен тығыз болуына байланысты «Әйгілі аудан – Ертісім» аталған. 

Мүбәрак аға Железин ауданында туғанымен, Ертіс ауданының тарихы жайлы «Сөз сүйектен өтеді», «Ертіс ауданының тарихы» атты кітаптарын жазды. Ақынның «Әйгілі аудан – Ертісім» –Қызылағаш болысының соңғы үш ғасыр бойғы тарихын қамтыған құнды өлкетанымдық мұрасы. Осы стендтен балалар ақын атамыздың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы ақпарат ала алады, – деді Нұргүл Сұлтанова.

Айта кетерлігі, бірнеше жыл қатарынан  ауданда  бастауыш сыныптар арасында ақынның шығармаларын насихаттау мақсатында Мүбәрак оқулары өткізіледі. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Иртышский Отдел Образования (@bilim_ertis)