Ертіс ауданының тіс технигі мейрамханаларды құс етімен қамтуда
Ол қайтарымсыз грант алып, құс шаруашылығымен айналыса бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұратхан Исмаилов отбасымен Жамбыл облысының Меркен ауданынан Ертіс ауданына 2023 жылы көшіп келген. Оңтүстікте тіс технигі болып жұмыс атқарған. Бірақ Павлодар облысына көшкен соң пайызбен жұмыс істеудің тиімсіз екенін түсінген.
Қоныс аударғанда мемлекет отбасын баспанамен қамтамасыз еткен. Құс шаруашылығы бойынша бизнес жоспары бар Мұратхан Исмаилов жеке кәсібіне 1 миллион 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған.
Ол інісімен бизнеспен айналысуды ұйғарған. Үйді тауық қора ретінде жабдықтаған, үш инкубатор сатып алып, жұмыс істей бастаған. Жұмыртқаларды Павлодардан сатып алып, балапандарды аудан орталығында өсіреді.
– Бройлер өсіріп, тауық етін де сатамыз. Тапсырыспен жұмыс істеп, күніне 40-100 келі тауық етін сатамыз. Бізге көп сұраныс павлодарлық мейрамханалардан түседі. Бірақ ауданда тапсырыстар да жеткілікті, – дейді кәсіпкер.
Мұратхан Исмаилов алдағы уақытта сатылымға көкөніс өсіретін үй жанындағы жерді жайластырып, жылыжай салуды жоспарлап отыр.
Оның айтуынша, жақын арада отбасылық кәсіпке тағы үш туысы қосылып, Меркіден көшуге дайындалып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекет қоныс аударушыларға бастапқы баспанадан тегін үймен қамтамасыз етіп, 258 440 теңге көлемінде көшіп-қону шығындарын төлейді. Соған қоса, бизнеске 1,5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар береді.