Ертіс-Успен арнасы жобасын жергілікті бюджет есебінен аяқтау ұсынылды

Ертіс-Успен арнасы жобасын жергілікті бюджет есебінен аяқтау ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Ертіс-Успен арнасына қатысты жобаның келесі жылға шегерудің себебі жайлы сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновтың айтуынша, бүгінде басты су беретін сорғы станциясының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Бұл мәселемен «ҚазСуШар» РМК айналысады және қаражатқа байланысты түзету қажет етіледі. 

– Мамандар 2017 жылы жасалған сметаларды қайта қарайды, ал материалдар қымбаттаған кезде құрылысты қайта бастады. Жоба өзгертілуде. Жер жұмыстарының үшінші кезеңінен басқа барлық жұмыс атқарылуда. Сорғыларды 15 желтоқсанға дейін жеткізу керек.  Жалпы 13 шақырым каналда жұмыстар жартылай аяқталды, – деді «ҚазСуШар» филиалы директорының міндетін атқарушы Владислав Кутырев.

Облыс әкімі Асайын Байханов жобаны кешіктіру жалпы өңірлік өнімге әсер ететінін атап өтті.

– Бұл жоба осымен төртінші жыл аяқталмай отыр. 10 мың гектар аймақта 250-300 миллиард теңгеге өнім алынатын еді. Егер аяқтай алмаса, онда республикалық меншіктен бізге берілсін, біз жергілікті бюджет қаражаты есебінен аяқтаймыз. Өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 500 миллиардты құрайды, ал бұл жоба оны 50 пайызға арттыра алады, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Естеріңізге сала кетейік,  Павлодар ауданында Ертіс – Успен каналында тұрақты суару жұмыстары қайта жаңғыртылуда. Жобаны өткен жылы аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ 2021 жылы жұмыс тоқтатылды: республикалық бюджеттен ақша  бөлінбеді. Салдарынан канал құмға толып, шөп басып кетті. 

Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде фермерлер жем-шөп алып, жергілікті нарықты көкөністер және картоппен қамтамасыз етеді, осылайша бағаны тұрақтандыруға болады.

Бұған дейін әкімдік қажетті инфрақұрылымды: электр қуатын, сумен жабдықтауды, көктемде жолды толық қамтамасыз ететіні хабарланған болатын.