Ертіс өзенінің жайылмасына су жіберіледі
Павлодар облысында жаңа су басу қауіптері жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов су тасқыны және Ертіс өзенінің жайылмасына судың жіберілуі бойынша жиналыс өткізді.
Аймақ Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларынан жоспарлы түрде табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін суды қабылдауға белсенді дайындалуда. Бүгінгі таңда су қоймаларының жоғарғы Ертіс каскадынан су жіберулер кестесі бекітілді. Биылғы жылы 6,5 миллиард текше метрден астам су жіберіледі деп күтілуде. Болжам бойынша жайылманың 90% су басады.
– Су 10 сәуірден бастап жіберіледі. Негізгі ядро 13-30 сәуір аралығында күтіледі. Суды жіберу кезеңінде 19 гидробекетте тұрақты түрде мониторинг жүргізілетін болады. Су басу қаупі Май, Павлодар және Аққулы аудандарының, сондай-ақ, Павлодар мен Ақсу қалаларының жағалау бойында орналасқан елді мекендерінде бар, – делінген хабарламада.
Асайын Байханов жауапты мемлекеттік органдарға қолданыстағы қорғаныс бөгеттерді нығайтуды, қажет болған жағдайда жаңа бөгеттер салуды тапсырды. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне тәулік бойы су басу қаупі бар ауылдарға бақылау және мониторинг жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, жайылма алқабынан малдарды шығару бойынша халықты уақтылы хабардар ету қажет.
Сондай-ақ, өңір басшысы жіберілетін су көлемінің үлкен болуына байланысты дезинсекциялық іс-шараларды да сапалы өткізу қажеттігіне баса назар аударды.
Фотоларды түсірген Валерий Бугаев