Павлодарда Естайдың эксклюзивті суреті көрсетіледі

Жақында атақты ақын, әнші, сазгер Естай Беркімбайұлының бұған дейін жарыққа шықпаған фотосуреті табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың 3 наурызында Достық үйінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі фотосуреттің таныстырылымын өткізуде.
Сонымен қатар, ХХ ғасыр басында Алаш ардақтыларымен жазылған құнды кітаптар мен журналдардың жаңартудан өткен нұсқалары таныстырылады.
Атап айтқанда: Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Петербор қаласында басылып шыққан тұңғыш жыр кітабы, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал», «Маса», Тайыр Жомартбаевтың 1912 жылы басылған «Қыз көрелік», Қошмұхамед Кемеңгеровтің 1924 жылы жарық көрген «Қазақ тарихынан», Жұмат Шанинның 1928 жылы шыққан «Арқалық батыр», Ғали Ормановтың 1948 жылы жарық көрген «Өмір дастаны» кітаптары, Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы шыққан «Қартқожа» романы, 1923-1925 жылдары Орынборда шығып тұрған «Жас қазақ» журналы, Мәскеу қаласындағы «Күншығыс» баспасынан Нәзір Төреқұлов шығарған «Темірқазық» журналы.
Бұл еңбектердің барлығы заманында араб графикасында басылған. Музей қызметкерлері оларды әр жылдары іздеп тауып, парақтарын ретке келтірді. Ұжымның шешімімен биыл құнды жәдігерлер Астана қаласында реставрациядан өтіп, жаңарып отыр.
Қазақ драма театрының алғашқы қарлығаштарының бірі Жанбике Шанинаның суреті салынған картина 2021 жылы музей қорынан табылғаны мәлім. Картинада өнер иесі Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасында рөлін сомдаған киімінде бейнеленген. Аталған картина да биыл реставрациядан өтті.