Есірткі саудасы: Астанадан Павлодарға жеткізбек болған
Елордада есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері аса ірі көлемде есірткі сатудың жолын кесті, – деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz.- тің мәлімдеуінше, бас қалада Күмісбеков көшесіндегі үйдің жанынан Range Rover автокөлігінің жүксалғышында күшті синтетикалық есірткі затының, яғни мефедронның екі пакетін тасымалдап келе жатқан 35 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
- Тергеу барысында ұсталған азамат есірткіні Алматыдан сатып алып, көлікпен Астанаға жөнелтіп, өзі елордаға ұшақпен оралғаны белгілі болды. Әрі қарай ол есірткіні бір келіден бөліп, Көкшетау, Петропавл және Павлодар қалаларында ірі мөлшерде көтерме сауда үшін жасырып кетуді жоспарлаған. Күдікті есірткіні орап-түю үшін тасымалдау барысында ұсталды, - делінген хабарламада.
Ұсталған азаматтың пәтерін тінту кезінде екі келі гашиш, бір миллионнан артық теңге, сондай-ақ электронды таразылар мен буып-түюге арналған материалдар алынды.
Ішкі істер министрлігінде атап өткендей, тәркіленген есірткінің салмағы аса ірі мөлшерге жатады. Олардың айналымы үшін жаза мүлкін тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қазіргі уақытта іздестіру шаралары жалғасуда, ұсталған азаматтың қылмыстық серіктестері анықталуда.