Есірткі жарнамалады: Павлодарда QR-тақтайшаларға қатысты істі полиция зерттейді
Полиция қылмысқа қатысы бар адамдарды іздестіруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінде аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
– Полиция ҚР ҚК-нің 299-1-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде, – деді департаментте.
Еске сала кетейік, Павлодарда бірнеше күннен бері мәдени ескерткіштердегі тақтайшалардың QR-кодын сканерлеген кезде есірткі сататын дүкенге сілтеме ашылғаны белгілі болды. Қазірде бұл тақтайшалар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының тапсырмасы бойынша алынып тасталды.
Қалада жалпы QR-коды бар 280 тақтайша орнатылған болатын. Оларға қызмет көрсету 1,7 млн теңгеге бағаланған.
Фото: Константин Шелков