Павлодарда бірінші сыныпқа түсуге өтінімдер мерзімі ұзартылды
Ата-аналар өз балаларының құжаттарын egov.kz порталы арқылы тапсыра алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өтінімдер 1 сәуірден 31 тамызға дейін қабылданады. Лицей және гимназия мектептеріне балалар емтихансыз түсе алады.
– Сонымен қатар, демалыс кезінде ғана мектептен мектепке ауысуға шектеу алынып тасталды. Осылайша, жаңа ережелерге сәйкес, балаларды тұрғылықты жері бойынша оқу жылы ішінде мектептен мектепке ауыстыру мүмкіндігі бар, – дейді баспасөз қызметі.
Бірінші сыныпқа білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағында тұратын 6 жасар және ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін алты жасқа толатын бес жасар балалар, дайындық деңгейіне қарамастан, тестілеу және іріктеусіз қабылданады.
Тапсырылатын құжаттар тізімі:
- ата-анасының немесе заңды өкілінің өтінімі;
- №065/у «Профилактикалық егу картасы» медициналық анықтамасы;
- баланың 3х4 сантиметрлік сандық фотосуреті.
Сондай-ақ, «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы қолжетімді Мемлекеттік қызметтің бизнес процесі жаңартылды. Яғни, шағын учаске бойынша мектепті автоматты түрде таңдау қарастырылған, сынып жинағы автоматты түрде қалыптасады және білім беру ұйымымен шарт аталмыш портал арқылы электрондық форматта жасалатын болады.