Интернет-алаяқтықпен айналысқан павлодарлық тұрғынның әрекеттері әшкереленді
Ол жәбірленушіні алдап, несие рәсімдеуге көндірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақтөбеде интернет-алаяқтыққа жәрдемдесу фактісі анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары интернет-алаяқтыққа жәрдемдесуге қатысы бар Павлодар қаласының тұрғынының заңсыз әрекетін әшкереледі.
Анықталғандай, 2025 жылдың сәуір айында күдікті «Telegram» мессенджері арқылы жеке басы анықталмаған тұлғалармен қылмыстық байланыс орнатқан.
Рөлдерді бөлу аясында ол ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы алдау жолымен азаматтардан жымқырылған ақшалай қаражатты шешіп алу және оны ақшалай сыйақы үшін сыбайластарына тапсыру міндетін атқарған.
Қылмыстық операциялардың бірінде қаскүнемдер байланыс операторы мен банк ұйымдарының қызметкерлері ретінде танысып, жәбірленушіні алдап, несие рәсімдеуге көндірген.
Банктік картасыз ақша шешіп алуға арналған цифрлық кодтарды алғаннан кейін жәрдемдесуші банкомат арқылы 100 мың теңге шешіп алып, оны әрі қарай ынтымақтастық үшін өзінде қалдырған.
Күдіктінің әрекеттері алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жасалған алаяқтыққа жәрдемдесу ретінде сараланды (ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 2-бөлігінің 4 -тармағы).
Прокуратура қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты шешіп алуға, аударуға немесе беруге қатысу, тұлғаның рөлі мен алған сыйақысының мөлшеріне қарамастан, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндіреді.