Павлодарлық құтқарушылар Абай облысындағы өрттен қайтып келеді

Павлодарлық құтқарушылар Абай облысындағы өрттен қайтып келеді
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Табиғи өртті сөндіруге өңірден 20-ға жуық құтқарушы мен алты техника жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Абай облысының Аягөз ауданындағы табиғи өрт толық сөндірілді. Өртпен күресуге қатысқан павлодарлық құтқарушылар тұрақты орналасу орындарына қайтып келеді.

12 қыркүйекте Павлодар облысы ТЖД қызметкерлері өңіраралық өзара іс-қимыл аясында көрші өңірге көмекке аттанған. Тарбағатай және Мыңбұлақ ауылдық округтерінің таулы аумағында құрғақ шөп пен бұталар өртенген.

Өртті сөндіруге Павлодар облысынан 19 қызметкер мен алты техника қатысты.

Құтқарушылардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өрт толық сөндірілді. Жұмыстар аяқталған соң павлодарлық мамандар мен техника кері жолға шықты.