Кітап, дәстүр және шығармашылық: Шарбақтыда ерекше мереке өтті
Шара жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық «Kiтап time» фестивалі аясында қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық кітапханада кітап пен шығармашылыққа арналған ерекше мерекелік шара өтті. Оған мектеп оқушылары, аға буын өкілдері және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Ауыл тұрғындарына ән айтып, би биілеп, өлең оқып, өзі үшін жаңа хоббидің есігін ашуға мүмкіндік сыйлаған ерекше кешке келгендердің қарасы мол болды.
Кітапхана ауласында, таза ауада ұйымдастырылған фестиваль аясында аула безендіріліп, келушілерге арналған бірнеше танымдық әрі шығармашылық алаң әзірленді.
Солардың бірі – «Кітап киіз үйі: кездесулер кеңістігі» этнолокациясы. Мұнда қазақ халқының дәстүрлері әдебиетпен, өнермен және заманауи технологиялармен үйлесім тапты.
Ал «Шығармашылық шеберханасы» алаңында ауылдық кітапханалардың қызметкерлері қатысушыларға кітапқа арналған бетбелгі жасауды, газеттерден себет тоқуды сонымен қатар, кітапшалар мен слайм әзірлеуді үйретті.
Бұдан бөлек, «Ашық микрофон» алаңында кез келген адам ән айтып, өлең оқуға мүмкіндік алды. Қазақтың салт-дәстүріне қызығушылық танытқан тұрғындар үшін арнайы танымдық бағдарлама ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлттық ойындар арқылы өздерінің тапқырлығы мен ептілігін де сынап көрді.
Мерекеге келген ауылдастар ерекше сезіммен, мерекелік көңіл күймен тарқасты.