Музейдегі алып жәдігер: Павлодар мамонты қалай құрастырылды?
Павлодардағы мамонттың қаңқасын осыдан 96 жыл бұрын Железин ауданынан тапқан деген болжам бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс-Баян өңірін – бірегей палеонтологиялық ескерткіштердің мекені десек қателеспейміз. Жергілікті табиғи «мұрағатта» жүндес мүйізтұмсықтардың, ақбөкендердің, қарақұйрықтардың, алып мүйізді бұғылардың, орман пілдерінің, гиппариондардың, үңгір арыстандарының және көптеген ежелгі кеміргіштердің қазба қалдықтары сақталған. Бұл өлкеде мамонттар да мекендеген. Олар Қазақстанның аумағында кең таралғандықтан, мұз дәуіріне жататын шөгінділерден олардың сүйектері, әсіресе тістері жиі кездеседі.
Кең тараған болжам бойынша, «мамонт» сөзі манси тіліндегі «манг от» – «жер мүйізі» деген сөзден шыққан. Ежелгі адамдар жерден табылған жойылып кеткен жануарлардың азуларын осылай атаған. Мамонттардың салмағы 14-15 тоннаға дейін жетіп, бойы төрт метрге жуық болған. Иілген азуларының ұзындығы дене тұрқынан сәл ғана қысқа болуы мүмкін. Мамонттардың барлығы бірдей қалың жүнмен қапталмаған. Қоңыржай аймақтарда денесін сирек түк жапқан «оңтүстік пілдері» кездескен, ал жүндес түрі климаттың өзгеруіне байланысты кейінірек пайда болған. Павлодар облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі мамонт қаңқасы дәл осы оңтүстік типке жатады.
Бұл қаңқаны 1930-жылдары Железин ауданынан тапқан деген кең таралған нұсқа бар. Оның табылуын тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаушы әрі алғашқы директоры Дмитрий Багаевтың атымен байланыстырады. Алайда музейдегі қазба жәдігер – әртүрлі жерлерден табылған сүйектерден құрастырылған жинақталған қаңқа.

Дмитрий Багаев Павлодар туралы кітабында 1948 жылғы музей экспозициясында мамонттың жамбас сүйектері, тістері мен қабырғалары, гиппарион фаунасының бірнеше өкілі, қазба мүйізтұмсықтың, керіктің және бөкеннің сүйектері болғанын жазған. Багаевтың өзі мамонт сүйектерін тапқаны рас, алайда олар жекелеген бөлшектер болған. Атап айтқанда, музейдің палеонтологиялық коллекцияларының каталогында оның мамонт тістерін тапқаны туралы жазба бар.
Өлкетану музейінің экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің жетекшісі Анастасия Щеглованың айтуынша, қаңқаның шамамен 80 пайызы Ертіс өңірінің әртүрлі жерлерінен жиналған мұз дәуіріне жататын қазба жануардың сүйек қалдықтарынан тұрады.
– Қайта қалпына келтіру кезінде бас сүйек, омыртқаның бір бөлігі, аяқ сүйектері және 1968 жылы Ертіс ауданынан табылған екі азудың бірі пайдаланылды. Бір жіліншік сүйегін 1952 жылы музей қызметкерлері Ертістің жарқабағынан, Гусиный перелет маңынан тапқан. Екінші азу мен басқа да көптеген элементтер ежелгі сүтқоректінің жалпы бейнесін қалпына келтіру үшін қайта жасалды, – деп түсіндірді маман.
Павлодардағы мамонт өзінің бүгінгі бейнесіне тек 1979-1980 жылдары ие болды. Оны өлкетанушы Иван Лагутиннің шәкірті Александр Селиверстов қайта құрастырды. Қалпына келтірілген қаңқаның биіктігі – 2 метр 38 сантиметр. Сақталған азудың ұзындығы – 1,8 метр. Сүйектердің геологиялық жасы плейстоцен дәуіріне жатады, яғни біздің дәуірімізге дейінгі бес миллион жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл уақытты бейресми түрде мұз дәуірі деп атайды.

Музейде жиналған қаңқадан бөлек, осы ежелгі сүтқоректінің жеке бөліктері де сақталған. Олардың арасында жақ сүйегінің фрагменттері, хазар және жүндес мамонттардың тістері, жіліншік сүйектері бар. Экспозицияда мамонттың төліне тиесілі төменгі жақ сүйегі де қойылған. Одан алғашқы тістердің орнына екінші тістердің қалай өсіп шыққанын көруге болады.
Мамонттың қаңқасының өзі Павлодар жерінің тарихының бір бөлігіне айналды. Ол бір кездері осы өңірді ежелгі алып жануарлардың үйірі мекендегенін еске салады. Бұл жәдігердің артында ондаған жылдарға созылған ізденіс, музей қызметі мен ғылыми реконструкция тұр. Оның әр сүйегінің өзіндік тарихы бар. Ал тұтас қаңқа – жойылып кеткен әлемнің іздерін бөлшектеп жинаған адамдардың еңбегінің нәтижесі.