Кітап сүйер павлодарлықтар марапатқа ие болды

Кітап сүйер павлодарлықтар марапатқа ие болды
Фото: Константин Шелков

Ұлттық кітап күніне орай С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы үздік оқырмандарды салтанатты түрде марапаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараның басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау, оқырмандардың белсенділігін арттыру және кітапханаға деген қызығушылықты күшейту. 

Биыл кітапханаға келушілер саны айтарлықтай өсіп, жыл басынан бері алты мыңнан астам оқырман тіркеліп, 20 мыңнан астам кітап берілген.

Марапатталғандардың қатарында әртүрлі жастағы оқырмандар бар. Атап айтқанда, тұрақты келушілер, жас оқырмандар және отбасымен келетін кітапсүйер жандар ерекше аталды. Кітапхана қызметкерлері олардың кітапқа деген сүйіспеншілігі мен белсенділігін жоғары бағалады.

– Бүгін біз өз кітапханамыздың дарынды, ізденімпаз оқырмандарын марапаттап отырмыз. Олар кітапты тек көңіл көтеру үшін емес, жаңа білім алу, ой бөлісу және шығармашылық дамыту үшін оқиды. Барлығын біріктіретін бір құндылық бар – ол кітапқа деген сүйіспеншілік пен кітапханаға адалдық. Олар қоғамға үлгі бола алады, – деді ұйымдастырушылар.

Шара барысында «Кітапханаға ең белсенді келуші», «Абонемент көшбасшысы», «20 жылдық адал оқырман», «Оқырман-зерттеуші», «Позитивті көңіл-күй», «Отбасылық дуэт», «Бүкіл отбасымен оқимыз», «Ең ізденімпаз оқырман», «Жас кітапсүйер», «Ең жауапты оқырман» сынды түрлі номинациялар бойынша марапаттар табысталды.

«Ең позитивті оқырман» номинациясын өмірге құштар, әрдайым көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын Вера Субботина иеленді. Ол – кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі. Оның айтуынша, кітапханаға келген сайын ерекше жылулық пен тыныштық атмосферасын сезінеді.

– Кітап оқуды өте жақсы көремін. Құрбымның жеке кітапханасындағы барлық кітаптарды оқып шыққанмын. Кейін бәрін тәмамдаған соң кітапханаға тіркеліп, тұрақты оқырман болдым. Кітапханадағы тыныш әрі жайлы атмосфераны ерекше бағалаймын. Негізінен тарихи жанрды жақсы көремін. Жақында «Қан мен тер» романын оқып бітіріп, қатты әсер алдым. Бұл кітапты баршаға оқуға кеңес беремін. Сондай-ақ тарихи орыс романдары мен детектив жанрын да жақсы көремін, – дейді ол.

Кітапхана қызметкерлері мұндай шаралар оқырман мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын және қоғамда кітаптың құндылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.