Келесі жылы Ақсу қаласына инвестициялардың басым бөлігі бағытталмақ
Облыс әкімі маңызды жобалар туралы баяндап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов Ақсу қаласына жұмыс сапарымен барып, қала тұрғындарының алдында атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
– Қаланы дамытудың маңызды міндеті – инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру. Облыстың өнеркәсіптік өндірісінің жалпы көлеміндегі қаланың екі жүйе құраушы кәсіпорындарының үлес салмағы шамамен 18 пайызды құрайды. Бұл кәсіпорындар халықты жұмыспен қамтуда шешуші рөл атқарады. Өңірді одан әрі тұрақты дамыту үшін инвестициялық әлеуетті арттыру қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Оның айтуынша, кезең-кезеңімен қалалардың инфрақұрылымына көңіл бөлінуде. Мысалы, инвестициялар 2022-2023 жылдары Павлодарға, 2024-2025 жылдары Екібастұз қаласына бөлінді. Ендігі кезекте 2026-2027 жылдары Ақсу қаласына ерекше назар аударылып, инвестициялардың басым бөлігі бағытталады.
Бүгінде Ақсуда екі ірі инвестициялық жоба іске асырылуда, онда 800-ден астам жұмыс орны құрылады. Біріншісі – «Ақсу электр-металлургия зауыты» ЖШС бастамашы болып табылатын жоғары таза марганец сульфаты мен аккумуляторлық сортты электролиттік марганецтің шикізатын терең өңдеу жобасы. Екінші жоба – «ЕртісАгро» ЖШС-нің Қалқаман ауылдық округінде қуаттылығы жылына 30 мың тонна шикізат өндіретін май зауытының құрылысы.
– Алдыңғы жылы қаланың бюджеті екі есе артып, 20,5 миллиард теңгені құрады. Қазіргі таңда шаһарда бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мысалға, келесі жылдың қыркүйек айында бассейн құрылысы мен қалалық саябақтың қайта құру жұмыстары аяқталуы тиіс. Ересек және балалар емханасын біріктіретін өткел салынып бітті. Құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр, ал қаңтар айында ол толықтай тапсырылады. Сонымен қатар, қаланың 15 көшесінің жолдары жөнделеді, 9 білім берумекемесі мен 11 әлеуметтік нысанға кіреберіс жолдары асфальтталады, – деді Асайын Байханов.
Келесі жылы Сәбит Донентаев атындағы мәдениет үйінің саябағы, ал 2027 жылы Астана көшесі, 32 мекенжайындағы саябақ жөнделеді. Қалада 37 ойын және футбол алаңы орнатылады.
Сонымен қатар, 2026 жылы №24 балабақшадағы бассейн жөндеу жұмыстары, Мәмәйіт Омаров атындағы ауылда дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады.