Халық қаһарманы Павлодар кадеттеріне патриоттық кеңес айтты

Халық қаһарманы Павлодар кадеттеріне патриоттық кеңес айтты
Фото: автор

Ол Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектеп-интернатына арнайы барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанның Халық қаһарманы, Қазақстандық Қарулы Күштер ардагерлері қауымдастығының құрметті төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев кадеттермен кездесу барысында елге адал қызмет етудің, әскери борышты абыроймен атқарудың маңызы туралы айтып, жас буынға жауынгерлік рух пен жауапкершіліктің мәнін түсіндірді.

– Біздің табиғатта құм көп, егер әр құм тас болса, онда тау көп болар еді. Біз сөзді әдемілік үшін емес, шындық үшін айтуымыз керек. Біз – погоны бар адамдармыз, сондықтан еліміздің бізбен мақтануы үшін нақты іспен қызмет етуіміз қажет, – деді Бақытжан Ертаев.

Генерал-лейтенант әскери киім киіп, ел туының астында тұрудың үлкен жауапкершілік пен абырой екенін атап өтті.

– Отанның солдаты болу – үлкен бақыт. Себебі Отан атынан бұйрық беріп, оны қорғауға құқығың бар. Бұл бәріне бұйырмайды, бұл – бізге берілген бақ, – деді Халық қаһарманы.

Бақытжан Ертаев сондай-ақ Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін мысалға келтіріп, олардың нағыз батырлық пен адалдықтың үлгісі екенін айтты. Ол кадеттерді солардың ерлігі мен отансүйгіштігін үлгі тұтуға шақырды.

– Әскердің анты мен ар-намысы – жауынгердің басты қасиеті. Егер соны сақтай алсақ, бұл – шынайы бақытқа апарар жол, – деді ол.

Сөз соңында қаһарман Қабанбай батыр есімін абыроймен алып жүрудің маңызын айтып, батыр рухы мен ерлігін әрдайым үлгі етуге үндеді.

Кадеттермен кездесуге еңбек адамдарының өкілдері де қатысты. Солардың бірі – Жезқазған қаласынан арнайы келген Тұрсынбек Мәкішев, «Западный» кенішінің жерасты учаскесінің ұңғымашысы, 35 жылдық еңбек өтілі бар кенші.

– Бұрын біздің дәуірде әскерге бармаған жігітті кем санайтын. Нағыз ерлік – Отан алдындағы борышты өтеу. Сол сезім әр ұлдың жүрегінде сақталуы керек, – деді ол.

Кездесуге қатысқан 8-сынып оқушысы, кадет Руслан Алисов ардагерлер мен қонақтарға шынайы ризашылығын білдіріп, өз армандарымен бөлісті.

– Мен мектепке 2024 жылы түстім, өйткені әрқашан өз еліме қызмет етуді армандайтынмын. Қазіргі уақытта мен отбасылық типтегі Кенжекөл балалар ауылында тұрамын. Спортпен айналысамын: грэплинг, дзюдо, ММА түрлерінен жаттығамын, музыкалық аспаптарда ойнаймын. «Жас сарбаз» маған дұрыс дағдыларды үйретеді деп сенемін, ал сіздердің кеңестеріңіз бізге үлкен демеу, – деді жас курсант.

Еңбек ерлері мен Халық қаһарманының кадеттермен кездесуі жас ұрпаққа үлкен мотивация берді. Батырлардың сөздері мен өмірлік ұстанымдары жас сарбаздарға патриоттық рух пен жауапкершіліктің шынайы үлгісін көрсетті.