Кісен мен қамшы: Павлодар облысында интимдік боди-массаж салондары анықталды

Кісен мен қамшы: Павлодар облысында интимдік  боди-массаж салондары анықталды

Жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысқан бес боди-массаж салонының жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, облыстық полиция департаменті ҰҚҚКБ қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде интимдік қызметтерді ұйымдастыруға және ұсынуға қатысы бар күдікті қылмыстық топтың қызметін анықтады. Олар бір мезгілде Павлодар және Екібастұз қалаларының аумағында жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысқан бес боди-массаж салонының жұмысы тоқтатылды.

– 25 тінту іс-шарасы өткізілді. Полиция органдарына 30-дан астам тұрғын жеткізілді, оның ішінде салонның әкімшілік қызметкерлері, массажистер және клиенттер бар. Тінту барысында 10 млн теңге және 1600 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат, екі аңшы мылтығы, екі газ тапанша, кастет, рөлдік ойындарға арналған киім жинақтары, маскалар, қамшылар, кісендер, жарнамалық өнімдер, прайс-парақтар, визиткалар және сыйлық сертификаттары тәркіленді, – деді Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов. – Полицейлер өздерін кәсіпкер ретінде көрсететін жоғарыда аталған массаж салондарының иелері мен ұйымдастырушыларын анықтады. 

Қазіргі уақытта төрт факті бойынша ҚР ҚК-нің 309-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де мәліметтер жария етілмейді.