Павлодар облысында Республика күніне орай үздік азаматтар марапатталды

Павлодар облысында Республика күніне орай үздік азаматтар марапатталды
Фото: Константин Шелков

Іс-шара барысында тарихи күннің рухани маңызы атап өтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Республика күніне арналған салтанатты жиын Естай атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылды. ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін павлодарлықтар «Парасат», «Құрмет», «Еңбек даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Асайын Байханов жерлестерін Ұлттық мерекемен құттықтап, ел дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елдің тұтастығы мен тұрақтылығы – ең басты құндылығымыз. Шынында да, бүгінгі Қазақстан – жан-жақты дамыған, еңбекқор халқы бар, бүкіл әлемге танылған мемлекет. Бұл – барша қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осы жолда тер төгіп жүрген әрқайсыңызға шынайы алғысымды білдіріп, бас иемін. Халқымызда «Бірлік болса, алынбайтын қамал жоқ» деген тамаша сөз бар. Сондықтан бабалар аманатын адал сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – біздің қасиетті парызымыз, – деді облыс әкімі.

Жалғыз «Парасат» орденімен марапатталған екібастұздық «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров ауыл шаруашылығына қосқан еңбегімен көпке үлгі болып отыр. Ол еңбек жолын 2000 жылы небәрі 12 бас малмен бастаған. Қазір шаруашылықта 2 500-ден астам ірі қара мен 2 500-ге жуық жылқы бар.

– Сол кезде жағдай қиын еді. Мемлекет бізге көмек қолын созды. Енді біз, керісінше, туған жерімізге көмектесуіміз керек, – дейді шаруа басшысы.

Өз ауылына ерекше қамқорлық танытқан азамат жеке қаражатына мектеп пен спорт зал салып берген. 

– Мен сол ауылда туып-өстім, бала күнім сол мектепте өтті. Сондықтан ауылдың өркендеуіне өз үлесімді қосқым келді, – дейді Манат Алғамбаров.

2014 жылы ол ауыл шаруашылығына қосқан үлесі мен әлеуметтік жауапкершілігі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған болатын.

Кәсіпкердің пікірінше, Республика күні – ел тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны.

– Бұл – халқымыздың ең қастерлі мерекелерінің бірі. Осы күн арқылы біз елдің өткенін еске алып, болашағына сеніммен қараймыз, – дейді ол.

Сондай-ақ, профессор Айман Зейнулина Республика күнінің тарихи және рухани маңызын атап өтті.

– Кез келген елдің өз тілі, салт-дәстүрі, тарихы бар. Сондай мемлекеттердің барлығында ұлттық деңгейде ұлық мереке – Республика күні атап өтіледі. Біздің халқымыз үшін бұл мерекенің орны ерекше, себебі қазақ елі небір қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді: репрессия, соғыс, кеңестік отаршыл саясат. Сол себепті Республика күні – тәуелсіздік пен елдіктің символы. Соңғы жылдары бұл мерекенің қайтарылуы – ұлттық рухымыздың жаңғыруының көрінісі. Бұл күн жас ұрпаққа елін, жерін сүюдің, бірлік пен бейбітшіліктің қадірін ұғындыратын маңызды мереке, – деді ол.

Салтанатты жиын концерттік бағдарлама және өңір өнерпаздарының мерекелік тартуымен жалғасты.