Марат Еслямов «Ертістің» бас бапкері қызметінен кетті
Маман командаға жаңа серпін беру үшін осындай шешім қабылдағанын түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс» футбол клубының мәліметінше, Марат Еслямов бас бапкер қызметінен өз еркімен кетті.
Маман бұл шешімді қабылдау оңай болмағанын жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда өзгеріс команданың алға жылжуына көмектесуі тиіс.
– Құрметті жанкүйерлер, футболшылар, клуб қызметкерлері! Мен командадағы жұмысымды аяқтау туралы оңай емес шешім қабылдадым. Қазіргі таңда бұл қадам команда игілігі үшін қажет деп санаймын. Бұл командаға жаңа серпін беріп, алға қарай қозғалысын жалғастыруға мүмкіндік береді, – деді Марат Еслямов.
Ол өзіне сенім білдірген клуб пен облыс басшылығына, сондай-ақ футболшыларға, жаттықтырушылар штабына, қызметкерлер мен жанкүйерлерге алғыс айтып, командаға табыс пен жеңіс тіледі.
Клуб басшылығы Марат Жолдасұлына атқарған жұмысы мен кәсіби еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Жаңа бас бапкердің есімі әзірге жарияланған жоқ.
Айта кетейік, «Ертіс» қазір Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде соңғы, 16-орында тұр. Павлодарлықтар 21 матчтан кейін 17 ұпай жинаған. 14 және 15-орындағы «Алтай» мен «Жетісуда» 19 ұпайдан бар, алайда олар 22 матчтан өткізіп үлгерген.
Соңғы екі кездесуде павлодарлықтар «Елімайдан» 1:3 және «Тобылдан» 0:2 есебімен жеңілді. Ал бұған дейін 22 тамызға жоспарланған «Қайрат» – «Ертіс» матчы 17 қазанға ауыстырылды.
Еске салайық, Марат Еслямов «Ертістің» бас бапкері болып 1 шілдеде тағайындалған болатын. 2021 жылы ол «Ақсу» клубымен Бірінші лиганы жеңіп алса, 2022 жылы «Қайсармен» күміс жүлдеге ие болып, команданы Премьер-лигаға шығарды. 2023–2024 жылдары «Ұлытауды» басқарды.
Осылайша, Марат Еслямов павлодарлық клубтың бас бапкері қызметінде екі айға жетпейтін уақыт жұмыс істеді.