Майқайың кенішінде топырақтың опырылуы жұмыстарды қиындатуда
Оқиға орнында авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Олег Трещевтің айтуынша, топырақ пен тастардың опырылуы, сондай-ақ үйіндінің тереңдігі жұмыстарды қиындатуда.
– Жергілікті жерге тартылған құтқарушылардың өміріне төнген қатерді жою үшін үйінді жиектерін тазарту және нығайту бойынша іс-шаралар жүргізілді, – дейді Олег Трещев.
ТЖД құтқарушылары қаза тапқан екі адамның денесін тауып, жердің бетіне шығарды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖ департаментінің, «Майқайыңзолото» АҚ, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, барлығы 73 адам, 17 техника және бір ұшқышсыз ұшу аппараты – дрон жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, шахта маңында қаза тапқан екі адамның есімдері белгілі болды. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич.