Майқайың кентінің тұрғындары жылумен толық қамту мәселесімен жүгінді
Аймақ басшысы Асайын Байханов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қабылдауға жазылғандар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Майқайың кентінің тұрғындары кентті жылумен толық қамту үшін қосымша қуат қажет екендігін жеткізді.
Аймақ басшысы қазір энергетикалық аудит жүргізіліп жатқанын және оның қорытындысы бойынша кентті жылумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленетінін түсіндірді.
Екібастұздан келген мүмкіндігі шектеулі баланың анасы мектеп, колледж және менталды бұзылулары бар адамдарға арналған оңалту орталығын қамтитын ғимарат салу, сондай-ақ, мүгедек балаларға арналған футбол, жеңіл атлетика, бочча және т. б. үйірмелері бар спорт мекемесін ашу жөнінде ұсыныс енгізді.
Асайын Байханов бейінді басқармаларға осындай жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін жан-жақты пысықтап, мәселені сол жерге барып қарастыруды тапсырды.
Еске сала кетейік, аймақ тұрғындары жеке қабылдауға e-gov порталы, E-otinish.kz немесе әкімдіктің +77021661661 WhatsApp желісі арқылы жазыла алады.