Майқайың тұрғындары абаттандыру мәселелерін көтерді
Биыл елді мекенде жаңа жол учаскелері жөнделіп, тұрғын аулалары жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев Майқайың кентінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекенді дамыту және абаттандыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында тұрғындар жолдардың жағдайы, аулаларды абаттандыру және санитарлық тазалық мәселелерін көтерді. Аудан басшысы барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынғанын атап өтті.
– Әрине, барлық ауланы бір мезетте қамтып, бір кезеңде жөндеп шығу мүмкін емес. Сондықтан жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді, – деді Ардақ Кісентаев.
Әкімнің мәліметінше, соңғы жылдары Майқайың кентінде 17 шақырым кентішілік жол салынып, 11 аула толық абаттандырылған.
Биыл бұл жұмыстар жалғасады. Қазіргі уақытта 1,6 шақырым жолды жөндеу және тағы 11 ауланы абаттандыру жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Кездесу кезінде тұрғындар санитарлық тазалық мәселесін де көтерген. Осыған байланысты кент әкімдігіне тазалық жұмыстарын тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізу тапсырылды.
Аудан басшысы абаттандыру жұмыстары мемлекеттік қолдау аясында жалғасатынын атап өтіп, қоршаған ортаның тазалығы әр тұрғынның жеке жауапкершілігі екенін еске салды.