Майқайыңда қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына материалдық көмек толықтай төленді
Қосымша сақтандыру төлемдерін жасау туралы сұрақ қарастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Майқайың кенішінде қаза тапқан құтқарушылардың бірінің қызы уәде етілген материалдық көмектің жартысы ғана төленгенін бейнеге жазып, әлеуметтік желіге салған. Марқұмның қызы онымен байланысқа ешкім шықпай жатқанын жеткізді.
Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл жағдайға түсінік берді.
– Қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына 4,5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді, оның ішінде «Майқайың-алтын» АҚ 2 миллион теңге төледі, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық 1 миллион 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті,– деді облыс әкімінің баспасөз қызметінде.
Бұған қоса отбасыларға жерлеу рәсімдеріне 369 200 теңге мөлшерінде, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге 347 мың теңге мөлшерінде төлем жасалды.
– Бұл төлемдерді денелері табылған екі құтқарушының отбасылары алды. Осындай төлемдер жоғалған құтқарушыларды іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін олардың денелері табылған жағдайда немесе қайтыс болды деп танылса, қалған отбасыларға да тағайындалады,– деді баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, отбасыларға асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады (18 жасқа толғанға дейін отбасындағы әрбір кәмелетке толмаған адамға ай сайынғы төлем).
Отбасыларға берілетін көмек тек осы төлемдермен ғана шектеліп қалмайды. Жергілікті атқарушы орган кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және «Майқайың-алтын» АҚ-нан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселені пысықтауда. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есеге көп. Төлемдердің нақты сомалары іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін хабарланатын болады.