Майқайыңдық шеберлер киізден жасалған туындыларымен әлемдік рекордқа үлес қосты
Майқайыңдық қолөнер шеберлерінің киізден жасаған туындылары әлемдегі ең үлкен картиналар коллекциясын қалыптастыруға үлес қосты. Жобаға қатысқан №2 мектептің мұғалімі мен оқушылары Астанада өткен салтанатты шарада марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Global Book of Records (GBR) дүниежүзілік рекордтар кітабына енгізілуге үміткер екі бірегей жобаның таныстырылымы өтті.
Оның бірі – көлемі 7×4 метр болатын киізден жасалған әлемдегі ең үлкен Қазақстан картасы. Екіншісі – қой жүнінен басылған картиналардың әлемдегі ең үлкен коллекциясы.
Ауқымды жобаға еліміздің әр өңірінен қолөнер шеберлері атсалысқан. Олардың туындыларында Қазақстанның көрікті табиғаты, тарихи орындары, ұлттық ою-өрнектері мен танымал тұлғалары бейнеленген. Бастапқыда рекорд орнатуға 500 жұмыс ұсынылады деп жоспарланғанымен, таныстырылым кезінде олардың саны 750-ден асқаны белгілі болды.
Жобаға Майқайың кентіндегі №2 мектептің ұстазы Минура Тыныбек пен оның шәкірттері де үлес қосты. Еңбегі үшін мұғалім GBR медалімен марапатталса, оқушылары Аяжан Сатыбалдина мен Медина Тыныбекке арнайы сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, жаңа рекордтар кітабының таныстырылымы 2027 жылдың қаңтарында Ыстанбұл қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.