Май ауданындағы Қалмаққырылған тауы арқарлар паналайтын орынға айналған

Қалмаққырылған тауы – ұмыт қалған тарихи орындардың бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жергілікті аңызға сүйенсек, қалмақ жауынгерлері осы маңда он жылдай тұрақтап, Ақшиман ауылы маңындағы биік тасты паналаған. Шайқастан кейін тау толығымен қалмақтардың қаны төгілген мекенге айналған соң атауы «Қызылсиырдан» «Қалмаққырылғанға» өзгерген деген дерек бар.
– Бұл гранитті тау тас дәуірінен бастау алады, ал қазіргі күнде адам аяғы сирек басатын, табиғатқа ғана бағынған тылсым мекенге айналған. Ауыл балалары болмаса, мұнда көбінесе арқарлар мен еркін жүрген жылқылар ғана кездеседі. Таудың ішінде бұрын екінші үңгір болған, алайда қазір ол толықтай бітеліп қалған, – дейді өлкетанушы Нұрбек Жұмаділов.
Қалмаққырылған атауы қазақ тарихында ерекше орын алады. Қалмаққырылған тауы – ұзындығы 17 шақырым, ені 10 шақырымды құрайтын, гранит тастан түзілген табиғи әрі тарихи нысан. Бұл жер 1747-1748 жылдары Абылай ханның тұсында өткен қалмақтармен шайқастың ордасы болған.
– Қалмаққырылған – елдің егемендігі жолында төгілген қанның куәсі. Бұл – әр қазақ білуге тиіс жер, – дейді өлкетанушылар.
Жергілікті тұрғындар бұл – жай ғана тас емес, ұлт жадын сақтаған үнсіз шежіре, мұнда келу – баба рухымен жүздесу екенін айтады.
Бүгінде Қалмаққырылған секілді тарихи мекендерге деген қызығушылық артып келеді. Бірақ олардың көбі әлі де зерттелмей, жұрт назарынан тыс қалып жатыр. Мұндай орындар – тек өткеннің белгісі емес, ұлттық рух пен тәуелсіздіктің іргетасы. Ұрпаққа аманат болар мұндай қасиетті мекендер ұмыт қалмауы тиіс.
Әмина Жеңіс