Май ауданында 150 келіге жуық балықты заңсыз тасымалдаған тұрғын ұсталды
Ер адам «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кезекті рейдтік іс-шара барысында Жұмыскер ауылдық округінің дала аймағында «Mitsubishi Montero» маркалы автокөлігін тексеру кезінде автокөліктің салонында рұқсат құжаттары жоқ жалпы салмағы 149 келі болатын бес қап мөңке балық табылған. Балықтардың Қарасор көлінің жанында аулағаны анықталды.
– 40 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 3- бөлімінің 383-бабы – «балық аулау және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Процессуалдық шешім қабылдау үшін материал сотқа берілді, – деді Павлодар облысы Май ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жандос Айтмұхаметов.
Естеріңізге сала кетейік, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы 2023 жылғы 13 наурызға дейін жалғасады.