Май ауданында жер учаскелері мемлекеттік меншікке қайтарылды
Прокуратура шаруа қожалығына жайылымдық жерлерді бөлу кезінде жер заңнамасының бұзылуының алдын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданы прокуратурасының шараларымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер халыққа қайтарылды.
Тексеру барысында бір шаруа қожалығына жайылымдық жерлерді бөлу кезінде жер заңнамасының бұзылуын тоқтатты.
Белгілі болғандай, фермерге берілген жалпы аумағы 5 мың гектардан асатын, құны 12 миллион теңгеден жоғары төрт жер учаскесі шаруашылықтың нақты қажеттілігінен едәуір артық болған.
Белгіленген жүктеме нормативтеріне сәйкес, мұндай жайылымдар шамамен төрт мың бас ірі және ұсақ мал ұстауды көздейді. Алайда іс жүзінде фермерде небәрі 400-ге жуық мал болған - бұл қажетті мөлшерден он есе аз.
Сонымен қатар, жер пайдалану шарттары заңда белгіленген тәртіппен тіркелмеген.
Прокурордың наразылығы бойынша жер учаскелері мемлекеттік меншікке қайтарылды.