Май ауданында қаңғыбас иттер қойларды қырып жіберді
Малды қырып жіберген үш ит ауланып, ұйықтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
30 қараша күні сағат 8:30-да Жұмыскер ауылының тұрғыны ауыл әкіміне малдың қырылғаны туралы хабарлады. Қаңғыбас иттер 18 қойға шабуылдап, қырып жіберді. Аудандық ветеринарлық қызметкерлер жабайы иттерді ұстауға бірден шықты.
Май ауданының әкімі Ағыбай Әміриннің сөзінше, адамдарға қауіп төндіре алатын үш ит ауланып, ұйықтатылды.
– Жабайы иттердің нақты саны белгісіз. 18 қойдың алтысы аман қалса да, оларды союға тура келді,– деді аудан әкімі.
Ағыбай Әміриннің сөзінше, күзде мал жайылымнан ауылға оралған кезде қаңғыбас иттердің саны көбейіп кетеді. Ауыл тұрғындарынан шағымдар түсетіні рас, алайда онша көп емес. Шағым түскен кезде әкімдік тарапынан жедел түрде шаралар қолданылады.
Жұмыскер ауылында қырылған қойлар фактісін ветеринарлар, полиция және әкімдік әлі тексеріп жатыр.