Майқайың кентінің тұрғындары сумен қамтамасыз етілуде
Тәулік бойы су тасымалдау ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Павлодар облысының әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Майқайың кентінің резервуарларында жеткілікті су қоры бар, барлық тұтынушылар мен объектілер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
– 21 және 22 ақпан күндері Майқайыңға тәулігіне 250 текше метр орташа тұтыну кезінде 460 текше су жеткізілді. Су тәулік бойы жеткізілуде. Алдағы түнде 180 текше метр, 23 ақпанда тағы 180-200 текше метр су тасу жоспарлануда, – делінген хабарламада.
Диаметрі 1020 миллиметр суық сумен жабдықтау құбырындағы зақымдануды жою жұмыстары жалғасуда.
– Жалпы ұзындығы бір шақырымға жуық желінің кейбір учаскелерінің қатуы анықталды. Қазірдің өзінде 600 метр желі зерттелді, онда үш мұздатылған учаске табылды. Олар арнайы техникамен жылытылуда, – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Зақымдануды тезірек жою үшін адамдар мен техниканың санын арттырды. Жұмыс аязды ауа райымен қиындауда.
Естеріңізге сала кетейік, ақау 21 ақпан күні табылды. Учаске Екібастұз қалалық су арнасының екінші көтергіш сорғысынан 27 шақырым жерде орналасқан. Оқиға орнында коммуналдық кәсіпорын мамандарынан басқа «Восточный», «Инженерные сети» ЖШС, «Богатырь Көмір», «Майқайыңзолото» АҚ және облыстық ТЖД мамандары жұмыс істейді.