Майқайыңда әлеуметтік жобалар жүзеге асып, табиғи апат салдары жойылуда

Оқу процестерін оңтайландыру мақсатында ауыл мектептеріне жаңа автобустар сатып алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Майқайың кентіне жасаған жұмыс сапары барысында маңызды инфрақұрылымдық жобалармен және табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарының барысымен танысты.
Бүгінгі күні кентке қарасты Сұлужон, Шөптікөл, Майтөбе ауылдарының кіреберіс жолдарының 33 шақырымына асфальт төселіп жатыр. Жоба құны – бір миллиард 599 миллион теңге.
– Жолдардың жалпы ұзындығы – 32 шақырым. Соңғы үш жылда 23 көшеге 17 шақырым көлемінде асфальт төселді. Жұмыстардың жалпы сомасы 518 миллион теңгені құрады. Бүгінде кент жолдарының 90 пайызы қанағаттанарлық жағдайда, – деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.
Кіреберіс жолдарымен қатар кент ішіндегі жолдарда жөндеу жұмыстары мен жаяу жүргіншілерге арналған тротуар құрылысы жүргізіліп жатыр.
– Жалпы 3,3 шақырым жерде тротуар салынады. Бүгін бір шақырымға жуық жерде жұмыстар аяқталды. Жалпы құны – 159 миллион теңге, – деді Ардақ Кісентаев.
Аудан әкімінің сөзінше, Сұлужон, Майкөбе ауылдарында су тарту жұмыстары жүргізіліп, үйлерге кіргізілді. Жұмыстар 394 миллионға шықты.
Кездесу барысында облыс басшысына әлеуметтік маңызы бар нысандардың жағдайлары да таныстырылды.
– Биыл аурухананың жөндеу жұмыстарына 261 миллион жеті жүз мың теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жұмыстар қарқынды жүріп жатыр, – деді Ардақ Кісентаев.
Майқайың кентінде халықтың денсаулығын сақтау мақсатында ауылдық учаскелік аурухана және үш медициналық пункт халыққа қызмет көрсетеді. 2023-2024 жылдары қырық бес миллион теңгеге екі жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық құрал-жабдықтарды жаңартуға 20 миллион теңге бөлінді.
Жиын барысында басты назар ағымдағы оқу жылына дайындыққа аударылды.
– Оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында Майқайың №2 мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарына 427 миллион теңге бөлінді. Балалар-жасөспірімдер мектебіне және №2 мектепке жаңа автобустар сатып алынды. Шөптікөл орта мектебіне 50 миллион теңгеге блок-модуль қазандығын орнату жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі.
19 маусымында қатты желдің салдарынан бірқатар тұрғын үйлердің шатырлары зақымдалып, төтенше жағдайлар орын алды. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру мақсатында 5 мердігер 19 үйдің шатырын жөндеу, көше жарықтарын және ойын алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
– Жобаны іске асыру үшін 388 миллион теңге бөлінді. Залал келген 50 үйге өтемақы төленді, — деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.
Техникалық аудит нәтижелеріне сәйкес, Майқайың кентінде үшінші қазандықты, көтергіш сорғыны және жылу алмастырғышты орнату, сондай-ақ қолданыстағы қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары жоспарлануда.
Сондай-ақ орталық жылу трассасын жаңа учаскелермен толықтыра отырып, жылумен жабдықтау жүйесін кешенді жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады.
Кенттің келбетін жақсарту аясында кіреберіс тобын абаттандыру және Майқайың стелласын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа 30 миллион теңге қарастырылған. Ал тұрғын үйлердің сыртқы көрінісін жақсарту бағытында үйлердің қасбеттерін қайта жаңғырту жоспарланған.