Майқайыңдағы апат Бас прокуратураның бақылауында

Майқайыңдағы апат Бас прокуратураның бақылауында
Фото: Валерий Бугаев

Майқайың кенішінде болған апатқа байланысты прокуратура мәлімдеме жасады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы  2024 жылғы 4 қаңтарда Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі «Майқайың-алтын» АҚ аумағында болған оқиға бойынша ҚК 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық істі тергеуде.

– Тергеу Бас прокуратураның бақылауында. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде кәсіпорынның 40-тан астам қызметкерінен, сондай-ақ ЖШС басшылығынан жауап алынды, қажетті құжаттар, бейнебақылау камераларынан жазбалар алынды. Іс бойынша жолдың опырылып құлау себептерін анықтау үшін елдің әртүрлі аймақтарынан тау-кен-құрылыс жұмыстары саласының мамандарын тарта отырып, бірқатар сараптамалар тағайындалды, – деп жазылған хабарламада. 

Жолдың опырылуы салдарынан тау-кен карьеріне апаттық-құтқару қызметінің төрт қызметкері бар автобус құлағаны анықталды, екі адамның денесі сол күні шығарылды.  Тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды  тергеу жөніндегі комиссия құрылды. Іс бойынша процессуалды прокурорлар тағайындалды.

Қазба орнынан автобустың бірнеше фрагменттері мен құтқарушылардың жеке жабдықтары жер бетіне көтерілді. 

Қазіргі уақытта оқиға орнына жол салу үшін топырақ шығарылып, геосканерлеу жүргізілуде, шағын көлемді экскаваторлар түсірілді, екі құтқарушыны іздеу жалғасуда. Тау жыныстарының тұрақсыздығына және шұңқыр астында қуыс жерлер пайда болып, топырақтың басуына байланысты жұмыстарды жүргізу қиындауда.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына 147 адам, 45 техника, үш кинологиялық есеп және екі ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.