Мағжан оқулары: Павлодардан республикалық оқуларға кімдер барады?

Мағжан оқулары: Павлодардан республикалық оқуларға кімдер барады?
Фото: Константин Шелков

Аталмыш байқауға 50-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 7-11-сынып оқушылары арасындағы «Мағжан оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық байқауының облыстық кезеңі өткізілді. Шараға он аудан, үш қала және он екі мамандандырылған мектептен елу оқушы қатысты. 

Сайыс қорытындысында 21 оқушы жүлдегер атанып, облыстық білім беру басқармасының дипломдарымен марапатталды: І дәрежелі дипломмен – үш, ІІ дәрежелі дипломмен – жеті, ІІІ дәрежелі дипломмен – он бір.

«Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» – ақынның шығармаларын жатқа оқу бағыты бойынша І дәрежелі дипломмен – Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 9-сынып оқушысы Ақбота Аманжол марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алды. 

«Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» атты жас ақындар сайысында І дәрежелі дипломды Қ. Сәтбаев атындағы мамандандырылған гимназиясының 11-сынып оқушысы Қымбат Махсатхан алып, келесі кезеңге өтті. 

«Жасынан оқу оқып, өнер қуған...» ақын шығармашылығы бойынша зерттеу жоба жазу бағыты бойынша І дәрежелі дипломды Екібастұз қаласының №36 лицей-мектебінің 7-сынып оқушысы Мақсат Құмарбек иеленді. Олар республикалық кезеңде осы бағытта өнер көрсетеді.